«Философия және кітап: ойлы ұрпаққа бастар жол»


Қостанай жоғары колледжінде Дүниежүзілік философия күніне орай «Оқитын ұлт – оқитын колледж» республикалық акциясы аясында мазмұнды кездесу өтті.
Іс-шараның құрметті қонағы – философия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының V–VI шақырылымдарының депутаты, Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы БектұрғановСерікШыңғысұлы болды.
Кездесуді ұйымдастырып, жүргізген Тажмакина Галина Кавазовна – философияға шын жүректен берілген, жастардың зияткерлік және рухани дамуына ерекше көңіл бөлетін жан. Ол Дүниежүзілік философия күні мен «Оқитын ұлт – оқитын колледж» акциясын өзара байланыстыра отырып, кітап оқу мәдениеті, философиялық ойлау және тұлғаның қалыптасуы арасындағы тығыз байланысты көрсете білді.
Іс-шара бағдарламасында студенттердің баяндамалары ерекше орын алды. Олардың мазмұнды жұмыстары философияға деген қызығушылықтарын, жақсы дайындықтарын, өз бетінше талдау жасау, ой қорыту және жеке көзқарастарын дәлелді түрде жеткізе білу қабілеттерін танытты.
Серік Шыңғысұлының мазмұнды әрі әсерлі сөзі кездесудің ерекше сәтіне айналды. Қонақ күрделі философиялық идеяларды студенттерге түсінікті әрі қызықты етіп жеткізе білді. Әңгіме барысында философия мен саясаттың өзара байланысы, философиялық ойлаудың қоғамдық өмірдегі маңызы, дүниетанымның шешім қабылдау мен азаматтық ұстанымды қалыптастырудағы рөлі сөз болды.
Кездесу соншалықты тартымды әрі әсерлі өтті, студенттер қонақты сұрақтарымен ортаға тартып, әңгімені жалғастыруға асықты. Серік Шыңғысұлы әрбір сұраққа ашық, жан-жақты және терең жауап берді. Жастар оның өмірлік және кәсіби тәжірибесіне, білім-білігі мен шешендік өнеріне ерекше ықыласпен құлақ түрді.
Талқылаудың маңызды тақырыптарының бірі – «Оқитын ұлт – оқитын колледж» акциясының маңызы болды. Кітап оқу – тек ақпарат алу ғана емес, қоғамды дамытудың, рухани құндылықтарды сақтаудың, дүниетанымды кеңейтудің және зияткер ұрпақ тәрбиелеудің маңызды құралы екені атап өтілді. Кітап адамды ойлануға, түрлі көзқарастарды салыстыруға, қорытынды жасауға және өзіндік пікір қалыптастыруға үйретеді.
Серік Шыңғысұлы жастардың тұлғалық және кәсіби дамуына, ой-өрісін кеңейтуіне, өмірде биік белестерді бағындыруына көмектесетін кітаптар туралы да өз ұсыныстарымен бөлісті. Ол кітапты терең түсініп оқудың, өз бетінше талдау жасаудың және дайын пікірлерді қабылдай салмай, жеке көзқарас қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.Бұл кездесу өмірлік тәжірибенің даналығын, ғылыми ойдың тереңдігін және жастардың дүниені тануға деген шынайы қызығушылығын тоғыстырған ұрпақтар диалогына айналды. Ол тағы бір мәрте философияның сұрақ қоюдан басталып, ой толғау арқылы дамитынын, ал кітаптың адамға саналы таңдау жасауға, жаңа мүмкіндіктерді ашуға және алға ұмтылуға жол көрсететін сенімді серік екенін дәлелдеді.


Директордың блогы