Қостанай жоғары колледжі Қазтұтынуодағының студенттері — AQYL CUP зияткерлік ойындар лигасының финалистері

Қостанай облысында «Жастар Рухы» корпоративтік қоры ұйымдастырған AQYL CUP зияткерлік ойындар лигасы өз мәресіне жетті. Ауқымды зияткерлік жоба өңірдегі колледждер мен жоғары оқу орындарының белсенді, мақсатшыл әрі білімге құштар студенттерінің басын қосып, оларға өз білімдерін, зияткерлік қабілеттерін және жеке дамуға деген ұмтылыстарын көрсетуге мүмкіндік берді.
Лига төрт кезең бойынша өткізілді. Әр кезең қатысушылардан кең дүниетанымды, жоғары эрудицияны ғана емес, сонымен қатар логикалық ойлау, ақпаратты жылдам талдау, шешім қабылдау және командада тиімді жұмыс істеу қабілеттерін талап етті.
«Қазтұтынуодағының Қостанай жоғары колледжі» мекемесінің намысын Мусагулова Айдана, Харченко Егор, Сарсенбаева Алина, Аманбаева Адия және Кожумбетова Дильназ есімді студенттеріміз абыроймен қорғады. Зияткерлік сайыстың барлық сынақтарынан сүрінбей өтіп, кезеңдерді сәтті еңсерген студенттеріміз Лиганың финалистері атанды.
19 қараша күні AQYL CUP лигасының қорытынды кезеңі — финалдық сайыс өтті. Зияткерлік жобаның жарқын қорытындысына айналған бұл шараның нәтижесінде колледжіміздің студенттері белсенді қатысқаны және қабілеттерін танытқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды.
Қатысушылардың айтуынша, AQYL CUP — бұл жай ғана зияткерлік жарыс емес, өзін көрсетуге, білімін сынап, толықтыруға, интеллектуалдық қабілеттерін дамытуға, басқа колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерімен танысуға, тәжірибе алмасуға және жаңа достар табуға мүмкіндік беретін бірегей алаң.
Сонымен қатар, олар үшін сыни ойлау, қарым-қатынас жасау, командада жұмыс істеу, шығармашылық қабілет және стандарттан тыс жағдайларда шешім қабылдау сияқты кәсіби қызметтен тыс маңызды дағдыларды жетілдірудің маңызы зор.
Осындай жобаларға қатысу студенттердің өз әлеуетін ашуына, өз күшіне деген сенімін арттыруына және тек оқу барысында ғана емес, болашақ кәсіби қызметінде де қажет болатын құнды тәжірибе жинақтауына ықпал етеді.
Студенттерімізді Лиганың барлық кезеңдерінен сәтті өтіп, лайықты марапатқа ие болуларымен шын жүректен құттықтаймыз! Қол жеткізген жетістіктеріңізбен шектелмей, қабілеттеріңізді шыңдап, жаңа белестерді бағындырып, зияткерлік биіктерден көріне беріңіздер!



Директордың блогы